ЖЕҢІСКЕ дейін 30 күн: Шығыс Пруссия қақпасы - Кенигсбергтің құлауы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан тура 70 жыл бұрын, 1945 жылы 9 сәуірде Ұлы Отан соғысының 1388 күні болған. Жеңіске дейін 30 күн қалды. «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына сол кездегі хрониканы ұсынады.

1945 жыл 9 сәуір. 3-ші Беларусь майданының шабуылына төтеп бере алмаған Шығыс Пруссия қақпасы, Кенигсберг қаласының құлауымен тарихқа енген ҰОС-ның 1388-шы күні.

Бұл күннің хроникасына сәйкес, артиллерия мен авиацияның соққыларынан кейін таңертең шешуші шабуыл басталды. Сағат 21:30-да қамал коменданты бастаған кeнигсбергтік гарнизон қарсылық білдіруді тоқтатып, жеңілістерін мойындады. 93 853 неміс сарбазы мен офицері тұтқынға түсті, қамал гарнизонының шамамен 42 мың әскері қаза тапты.

КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумы бұл жеңіс үшін «Кeнигсбергті алғаны үшін» медалін тағайындады. Шабуылға қатысқандардың барлығы осы медальмен марапатталды. Солардың қатарында Қостанай облысының тумасы, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Леонид Беда бар.

Осы уақытта Австрияда 3-ші Украин майданының сарбаздары Вена орталығы үшін болған шайқаста парламент ғимаратын, қалалық ратушаны, орталық телеграф, полиция басқармасы мен опера театрын басып алды.

Осы күні 1-ші Беларусь майданы армиясының саяси бөлімдері басшыларының жиналысында Берлинге шабуылға қатысатын барлық армияларда қызыл ту болуы керек, кейін ол Рейхстагқа тігілетін болады деген бұйрық шығарылды. Еске сала кетейік, Рейхстагтың төбесіне алғаш болып ту тіккен «Халык Қаhарманы» Рақымжан Қошқарбаев болатын.

Жеңіске 30 күн қалған еді.