ОРАЛ. 8 мамыр. ҚазАқпарат - П.Атоян атындағы стадионда Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай БҚО төтенше жағдайлар департаменті құрылымдары арасында жарыс өткізілді.
Сайысқа өрт сөндірушілер, құтқаршылар, сүңгуірлер қатысып, гір тасын көтеруден, жеңіл атлетикадан, қол күресінен сынға түсті. Жекелей есепте департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің өкілдері ерекше көзге түсті. 100 метрге жүгіруден 30 жасқа дейінгілер арасында С.Картель бірінші келсе, 35 жастағылардан Д.Дреер, қыздардан Э.Дәрібаева озды. 1 мың метрге жүгіруден 40 жасқа дейінгілерден Е.Бөрекешев, одан жоғарылардан А.Богдашкин үздік нәтиже көрсетті. Ұзындыққа секіруден С.Картель мен А.Қадырхан алдына жан салмаса, гір тасын көтеруден Г.Тілеуішев, С.Қайбалиев, М.Карев, А.Лецкий жеңіс тұғырына көтерілді.
Жалпыкомандалық есепте «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары» ММ - бірінші, суда құтқару қызметі - екінші, «Ақ берен» Батыс Қазақстан филиалы үшінші орынды иеленді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).