Жеңістің 69 жылдығына орай Астана көшелеріне ардагерлердің суреттері ілінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда Жеңіс күнін атап өтуге ерекше дайындық үстінде. Ерлігі бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа үлгі болар батырларымызға ерекше ықылас пен құрмет көрсетілуде. Мұндай игі бастаманың бірі - Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатысуымен өткен фотосессия болды.

Жеңістің 69 жылдығы қарсаңында ардагерлердің суреттері Астана көшелеріне ілінді. Онда батырлардың аты-жөндері, соғысқан жерлері мен өсиет-тілектері жазылған. «Ол ең алдымен өскелең ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерімізді құрметтеу мақсатында ұйымдастырылды. Акция барысында қала көшелерінде алпыстан аса ардагерлердің суреттері ілініп, соғысқан жерлері мен майдан даласындағы ерліктері жайлы қысқаша естеліктер, жастарға ізгі тілектері көрсетілген», - деді ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әлнұр Сейдуманов. Айта кетейік, мұндай игі шара елордада 2010 жылдан бастап қолға алынған. Қазір Астанада 200-ден астам ардагер тұрады. Олардың әрқайсысы зор құрметке лайық, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтында.