Жеңістің 70 жылдығына арналған Астанадағы әскери шеруге атақты «Катюша» қатыстырылады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңістің 70 жылдығына арналған Астанадағы әскери шеруге атақты «Катюша» қатыстырылады, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

«Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған әскери парад тарихи және заманауи екі бөлімнен тұрады.

Парадқа қатыстыру үшін соғыс уақытында пайдаланылған 40-қа жуық қару-жарақ, әскери және авиациялық техника жөндеуден өтеді»,- делінген хабарламада.

Шараның тарихи бөлімінде ҰОС жылдары қолданылған техниканың 36 түрі тартылады. Олардың ішінде, 27 әскери техника мен қару-жарақ (Т-34 танкі, ЗИС-2 зеңбірегі және М-30 гаубицалы ЗиЛ-157, танымал БМ-13 РС-30 «Катюшасы» және «Максим» зеңбірегі), сондай-ақ, 9 ұшу құралы (АН-2 және ТL-2000) бар. Техникаларды тиісті қалыпқа келтіру үшін олар «Семей инжиниринг» зауытында жөндеуден өтіп жатыр.

Сонымен қатар бұл парадқа қатысатын 300-ден астам қазақстандық әскери қызметші Қызыл армия формасын киеді.