Ведомство өкілінің айтуынша, Жеңістің 70 жылдық мерейтойын мерекелеу аясындағы іс-шаралар бойынша ең бірінші кезекте соғыс ардагерлері мен мүгедектерін және осы санатқа теңестірілгендерді әлеуметтік қолдауға баса назар аударылады. Сонымен қатар, ардагерлердің ТМД аумағында атқарылатын іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету де көзделеді.
«Мерейтойлық шаралардың негізгі өзегі Астанада 7-мамырда әскери парад өткізу болып табылады. Бұл жолғы әскери шерудің ерекшелігі - ол тарихи және заманауи екі бөлімнен тұрады. Сосын парадқа Ұлы Отан соғысының ардагерлері де қатысады. Бұдан бөлек, әскери шерудің сапалық және сандық мазмұны да, құрамы да артады», - деді Мұхамеджан Таласов.
Оның айтуынша, Астанадағы парадқа 5 мыңнан астам әскери қызметші, 85 бірлік авиация техникалары, 220 бірлікті әскери автотехникалар қатыстырылмақ. «Мерейтойлық шараны мерекелеу аясында Қорғаныс министрлігі Қарағанды облысындағы Спасск полигонында тұңғыш рет республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Оған ел басшылығы мен өңірлерден делегациялар қатысады», - деді М. Таласов.
Бұдан бөлек, 7 мамырда Астанада Жеңіс күні және Отан қорғаушылар күніне арналған арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылмақ. Жеңістің 70 жылдығы мерейтойының шарықтау шегінде Астана, Алматы қалаларында 7-9 мамыр аралығында мерейтойлық отшашулармен көмкеріледі.