ОРАЛ. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында жеңіл атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева қола жүлдегер атанды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Ясмина Тоқсанбаева 20 шақырымға спорттық жүрісте үздік үштікке ілікті.
Қазақстандық жеңіл атлет өзінің жеке рекордына (1:32.15) қол жеткізді.
Осылайша, жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті.
Ерлер арасында 20 шақырымға спорттық жүрісте тағы бір қазақстандық Георгий Шейко 7-сатыға тұрақтады.
Оңтүстік Кореядағы жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты 27-31 мамыр аралығында өтіп жатыр. Онда Қазақстан намысын 32 спортшы қорғайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өткен дзюдо турнирінде ақтөбелік балуанның автокөлік ұтып алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).