Жеңіл атлетикадан Қазақстан әйелдер құрамасы эстафета жарысында жеңіске жетті

Фото: Qazathletics.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда өтіп жатқан жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы эстафета жарысында мәре сызығын бірінші болып қиды.

Сайыс барысында 4x400 метр қашықтықта ел намысын Мария Шувалова, Анна Шумило, Кристина Кондрашова және Аделина Земс қорғады.

Финалда Қазақстан құрамасы 3:38.02 нәтижесімен Қытай құрамасын артта қалдырып, Азия чемпионы атанды. Екінші орын иеленген Қытай спортшыларының көрсеткіші – 3:38.29.

Айта кетсек, қазірге дейін құрлықтық додада еліміздің атынан Надежда Дубовицкая биіктікке секіруден күміс жүлдені місе тұтса, Алина Чистякова бессайыста жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Нора Джеруто 3 000 метрге жүгіру сайысында чемпион атанса, 1 500 метр қашықтықта қола жүлдеге ие болған еді.

Құрлықтық дода бүгін мәресіне жетеді. Оған Asian Athletics құрамына кіретін 24 елдің спортшылары келді.

Азия біріншілігі бағдарламасына сәйкес ерлер мен әйелдер арасында жүгіру және кедергілер арқылы жүгіру, 4×400 м эстафетасы, секіру түрлері, ядро серпу және көпсайыс (жетісайыс) секілді 26 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынып жатыр.