Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген Қазақстан Даму Банкі (ҚДБ) жеңілдетілген автонесие бағдарламасының қазіргі уақытта қалай жұмыс істеп жатқанын түсіндірді.
ҚДБ деректеріне сай, 2015 жылдан бері Қазақстанда автонесиелеу бағдарламасы арқылы 41 мыңнан астам азамат отандық көлік сатып алған. Осы уақыт аралығында қазақстандықтарға жалпы сомасы 264 млрд теңгеден асатын несие берілген. Қазір бағдарламаға қосымша бюджет қаражатын бөлу жоспарланбағанымен, жүйе револьверлік қағида бойынша, яғни қарыз алушылардың негізгі борышты өтеуінен түскен қаражат арқылы жұмысын жалғастырып жатыр.
— Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейлі банктер 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін отандық өндірістегі автокөлік сатып алуға жалпы сомасы 264 млрд теңгеден астам 41 089 қарыз берді, — деп хабарлады Қазақстанның Даму Банкі.
Банк мәліметінше, бүгінде бағдарлама бойынша бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 82 млрд теңгені құрайды. Алайда қазіргі кезеңде бағдарламаны қаржыландыру үшін қосымша қаражат бөлу көзделмеген.
Ресми мәліметке сәйкес, жеңілдетілген автонесие рәсімдеу бойынша көш бастап тұрған өңірлердің қатарында Алматы мен Астана бар. Бағдарлама іске қосылғалы Алматы тұрғындары 9 328 несие рәсімдесе, Астанада бұл көрсеткіш 8 787 болған. Ал Қостанай облысында 3 423, Қарағанды облысында 2 566 және Павлодар облысында 2 350 несие берілген.
Сарапшылар бағдарламаның негізгі мақсаты отандық автокөлік өндірісін қолдау екенін айтады. Осыған байланысты жеңілдетілген несие аясында ең жоғары сұраныс Hyundai, KIA және Chevrolet маркаларына тиесілі.
Қазіргі уақытта бағдарламаға қатысушы банктер қатарында Халық банкі, Банк ЦентрКредит, Еуразиялық банк және ForteBank бар.
Еске сала кетейік, осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда автонесиеге сұраныс төмендегенін жазған едік.