Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында аталған режимдегі кәсіпкерлердің табысы 9,4 трлн теңгеге жеткен. Былтырғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 7,9 трлн теңге болған.
Жұмыспен қамту көрсеткішінде де өсім бар. Жалдамалы қызметкерлер саны 14,2%-ға артып, 445 мыңнан 509 мың адамға жетті. Еңбекақы қоры 7,2%-ға ұлғайған.
Сонымен қатар жалдамалы жұмыскері жоқ бизнес субъектілерінің саны 30,5%-ға азайды. Декларацияда табысын нөлден 5 млн теңгеге дейін көрсеткен кәсіпкерлердің үлесі үштен бірге төмендеген.
— Алғашқы нәтижелер бизнес пен жұмыспен қамтудың, декларацияланатын кірістердің өсімін көрсетіп отыр. Сонымен бірге жалдамалы жұмыскерлері жоқ кәсіпкерлер мен ең төменгі кірісті декларациялайтын субъектілер азайған. Алынған мәліметтер арнайы салық режиміндегі өзгерістің алғашқы оң нәтижелері туралы айтуға мүмкіндік береді, — деп хабарлады Қаржы министрлігі.
Бұл деректер жаңартылған режим бойынша алғашқы есептіліктің қорытындысында алынған. Кәсіпкерлер биыл тамызда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған декларацияны алғаш рет тапсырды.
Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін жылдық табысы 600 мың АЕК-тен аспайтын және Салық кодексінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қолдана алады.
Бұл режим бойынша жеке немесе корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі — 4%. Жергілікті өкілді органдар оны заңнамада белгіленген шекте төмендетуге немесе ұлғайтуға құқылы.
Салық және есепті кезең — жарты жыл. Аталған режимдегі кәсіпкерлер импортталатын тауарларға және бейрезиденттерге байланысты жағдайларды қоспағанда, ҚҚС пен әлеуметтік салық төлемейді.
Айта кетейік, биыл наурызда өтпелі кезең аяқталған кезде Қазақстанда 1,2 млн-нан астам кәсіпкер жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін таңдаған болатын.