Жеңіс Қасымбек елордада қылмыс өршіп тұрғанын айтқан депутатқа ескерту жасады

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың Сарыарқа ауданында қылмыс өршіп тұр. Бұл туралы бүгін Астана қалалық мәслихатының кезекті сессиясында депутат Талғат Ерғалиев айтты.

— Maksut Narikbayev University және «Майн» сараптамалық орталығының зерттеулеріне сәйкес, Астанадағы барлық қылмыстың жартысынан көбі қала аумағының 3 пайызында орын алады. Олар — вокзал, іргелес орамдар, жеке сектор. Бұл «Сарыарқа» ауданы мен 16-округте қылмыс деңгейінің өте жоғары екенін көрсетеді. Сарапшылардың зерттеулері мен қорытындылары бойынша барлық қылмыстың 50 пайызы Сарыарқа ауданындағы шектеулі аймақтарда жасалады, әсіресе теміржол вокзалы маңында, ескі жеке секторда және өнеркәсіптік аймақтарда, — деді Талғат Ерғалиев.

Ол сондай-ақ, Сарыарқа ауданы қылмыс деңгейі бойынша басқа аудандармен салыстырғанда үнемі бірінші орында тұрғанын атап өтті. Депутат 2024 жылдың статистикалық деректерін келтіріп, Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, қалада 17 339 қылмыс тіркелгенін мәлімдеді.

— Астана қаласындағы жалпы қылмыс саны мен қылмыс деңгейінің шоғырлануына қарасақ, бұл ауданда жылына 40 087 қылмыс жасалады. Қылмыстың түрлері бойынша: Сарыарқа ауданында жыл сайын 35 адам өлтіру, 26 зорлау, 546 есірткі қылмысы тіркеледі. Демек, әр 10 күнде бір адам өлімі, әр 15 күнде бір зорлау, күніне 6 ұрлық, 2 есірткі қылмысы жасалады. Күн сайын бір тонау немесе бұзақылық болады. Бұл іс-қимылдары есебіндегі әскери мәліметтер сияқты. Crime ray халықаралық көрсеткіші бойынша 100 мың адамға шаққанда әлемдегі қылмыс жиі болатын 10 астананың ішінде мәселен, Каракаста — 3,5 мың, Преторияда 3,5 мың қылмыс жасалады. Сарыарқа ауданы әлемдегі қылмыс ең жиі орын алатын астаналардың ішінде екінші орынды тұр, — деді депутат.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек депутатқа мұндай деректерді жария еткенде абай болуы керектігін ескертті.

— Мұндай мәлімдемелерді өте сақ жасау керек және өз цифрларыңызды дәлелдеу қажет. Бізді Каракас және Венесуэламен салыстыру өте қиын. Сондықтан депутаттарымызды әрбір сөзіне жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Мұндай мәлімдемелерді өте сақ жасау керек, — деді Жеңіс Қасымбек.

Ал Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шәукентаев ауданда қылмыс деңгейі төмендеп келе жатқанын атап өтті.

— Биыл біз бір полиция бекетін ашуды жоспарлаған еді. Бірақ екі бекет ашылмақ. Тағы біреуі жыл соңына дейін іске қосылады. Қылмыстың тіркелуіне келер болсам, жалпы аудан бойынша былтырмен салыстырғанда 12 пайызға төмендеу байқалады. Егер 2024 жылы 4 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Сонымен қатар аудан бойынша 2 мың камера қосымша орнатамыз, — деді аудан әкімі.

Осы орайда Жеңіс Қасымбек депутат жария еткен деректерді тексеріп, мән-жайды анықтайтынын айтты.

— Деректеріңізді қайдан алғаныңызды білмеймін, интернеттен ала салған шығарсыз. Меніңше, өте қате сауал болды. Маған ренжімеуіңізді өтінемін. 2025 жылы елордада қылмыс деңгейінің айтарлықтай төмендеуі байқалды. Өткен жылдың желтоқсанына қарағанда 26,7 пайызға азайды. Қазақстан бойынша да, әлемдік мегополистер рейтингінде де позициясы жақсарып келеді. Сондықтан бізді Каракаспен және басқаларымен салыстыру дұрыс емес. Осы жерде отырған бәріміз де жауапкершілігі бар адамдармыз. Баспасөз отыр, тікелей эфир жүріп жатыр. Сөз сөйлегенде қисынды айтуларыңызды өтінемін. Ескерту жасай алмаймын. Бірақ, қала басшысы ретінде сіздерден соны өтінемін. Бізді адамдар естиді. Біз кез келген мәлімдемемізбен қоғамдық пікірді дүрліктіреміз. Қисынды әрі сенімді деректермен сөз сөйлеуді өтінемін, — деді елорда басшысы.

Бұған дейін Астананың алдағы 5 жылға арналған даму жоспары қабылданғанын жазған едік.