Жеңіс Қасымбек Үстел теннисі федерациясының президенті болып сайланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Үстел теннисі федерациясының кезектен тыс конференциясында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ұйымның президенті болып сайланды. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Дияр Бексұлтанов

— Бұл шешім қазақстандық үстел теннисінің белсенді даму кезеңінде және Астанада өтетін маңызды халықаралық спорттық оқиғалардың бірі — ITTF World Table Tennis Championships Finals 2027 әлем чемпионатына дайындық барысында қабылданды, — делінген хабарламада.

Жаңа президенттің басшылығымен Федерация ағымдағы бастамаларды іске асыруды жалғастырады. Негізгі басымдықтар — елде үстел теннисін жүйелі түрде одан әрі дамыту, спортшылардың сапалы дайындығына қажетті жағдай жасау және Қазақстанның халықаралық спорт қауымдастығындағы позициясын нығайту.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында биыл аяқталатын ірі жол жобалары туралы жазған еді.