Жеңіс парадына қатысушылардың отбасылары әскерилерге тосынсый жасады

Фото: Фото: Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Жақындарының далалық лагерьге келуі жауынгерлер үшін тосынсый болды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің ата-аналары, бауырлары, жұбайлары мен балалары елорда шетіндегі далалық лагерге барды.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге санаулы ғана күн қалды. Бұл соңғы жылдардағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі. Оған төрт мыңнан астам әскери қызметші қатысады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Парадта ең лайықты, күшті әрі төзімді деген жауынгерлер ғана салтанатты сап түземек. Жеңіс шеруі ұрпақтар сабақтастығының символына айналып отыр.

Фото: Қорғаныс министрлігі

31775 әскери бөлімі мотоатқыштар батальоны командирінің орынбасары майор Дәулет Қаракесековтің зайыбы кездесуден алған әсерін жасыра алмады.

— Жұбайым үшін мұндай тарихи оқиғаға қатысудың маңызды екенін түсінемін. Әскери адамға әрдайым отбасының қолдауы қажет. Біз мүнда сол мақсатпен келіп отырмыз. Жолдың қашықтығы еш кедергі емес, — деді Айдана Қаракесекова.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Жақындарының далалық лагерьге келуі жауынгерлер үшін тосынсый болды. Дәл осындай сәттерде армияның тек әскери форма мен қатаң тәртіптен тұрмайтынын сезінесің.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Осыған дейін Шығыс Қазақстанда Жеңіс күніне орай 100-ге жуық шара ұйымдастырылатыны белгілі болды.