Жеңіске ұмтылған жеңіл атлет: Отбасы Елизавета Матвеевадан үлкен үміт күтеді

Фото: Фото: instagram.com/_matveyeva_e

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысынан Олимпиада ойындарына 7 спортшы барады. Соның бірі — Елизавета Матвеева. 23 жастағы жеңіл атлет — Өскеменнің тумасы. Қазір Париждің төрінде өнер көрсетуге қызу дайындық үстінде. Достары мен туыстары жеңіспен оралады деп жолына үмітпен қарап отыр.

Елизавета 10 жасынан бастап жеңіл атлетикамен айналысады. Оның ерекше қабілетін әу баста дене шынықтыру мұғалімі байқаған.

Жас дарынды өзі баулып, жарыстарға жастайынан қосқан. 

Сол күндердің белгісі ретінде Елизаветаның жүлделері бөлмесінде самсап тұр. Ал, анасы Наталья Кемерова қызының әрбір жетістігін есінен еш шығарған емес. 

Фото: видеодан кадр

— Бір ай өткен соң ақ қызым қалалық, облыстық жарыстарда топ жарып жүрді. Ол алғашқы медалін Глубокое ауылында алды. Бала кезіндегі ең үлкен жеңісі 2016 жылы болған еді. Сол кезде Якутияда Азия балалары деген жарыс өткен. Ол кезде қызым 1,65 метрді бағындырды, -дейді Елизаветаның анасы. 

Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын жеңіл атлет жастарға да үлгі болып жүр. Әсіресе, артынан ерген інісі Елизаветаға қатты еліктейді. 

— Әпкемнің жолын қуғым келеді. Ол секілді халықаралық жарыстарда бой көрсетсем деймін. Олимпиадаларда жеңіске жетіп, әлемдік аренаға шыққым келеді. Әпкемдей болу — басты арманым, -деді Дмитрий Матвеев. 

Фото: видеодан кадр

Жас спортшы бұған дейін Азия чемпионы атанған. Ендігі меже — олимп шыңын бағындыру. Бұл оның спортшы ретіндегі мақсаты. Айтпақшы, былтыр ол бапкер дәрежесіне ие болды.

Демек, төрт жылдықтың басты бәсекесіне тәжірибесі толысқан атлет санатында бара жатыр. Сондықтан Лизадан жүлде күтеміз дейді жақындары. Қазір туыстары спортшыны күн сайын жігерлендіріп жүр. 

— Елизаветаның жеңіске жететініне сенім мол. Ол Ольга Рыпаковадай болсам деп армандайды. Сол секілді елге жеңіспен оралса екен дейміз. Қолдан келгенше қолдауымызды аямаймыз, — дейді туыстары. 

Әдетте спортшылар үлкен жарыстардың алдында ақпарат кеңістігінен бойын алыстау ұстайды. Дегенмен Елизавета Матвеева агенттік тілшісімен арнайы бейнебайланысқа шығып, қазақстандықтарға Парижден видеоүндеу жолдады.

Фото: видеодан кадр

Спортшы өз бейнежазбасында: 

«Олимпиада ойындарын мен көптен күттім. Ұзақ дайындалдық. Алдымда үлкен мақсат тұр. Басқа спортшыларымыздың да арманы — жеңіспен оралу. Бізді олимпиада ойындарында қолдасаңыздар екен! Алға Қазақстан!» — деп ыстық лебізін білдірді. 

Айта кетейік, 4 күннен кейін төрткүл дүние көз тігетін төртжылдық дода басталады.

Қазақстан құрамасы аталған ойындарға 92 жолдама жеңіп алған.

Спортшыларымыз байрақты бәсекеде 25 спорт түрінен бақ сынайды. 

 

Алтынбек Әмит