Жеңістің 80 жылдығы: Қаһарман ақын Абдолла Жұмағалиев туралы деректі фильм түсірілмек
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қаһарман ақын Абдолла Жұмағалиевтің (1915-1941) 110 жылдығына орай мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылып отыр.
Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов мәлім еткендей, алдымен ақын өлеңдерін жатқа оқудан облыстық «Абдолла оқулары» өткізілді.
Алдағы уақытта Абдолла оқуларының аясын кеңейту көзделуде. Сондай-ақ Сырым ауданында өтетін «Жеңісті жақындатқандар және ескерілмеген ерліктер» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар мен тарихшы ұстаздар бас қосатын болады.
— Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Абдолла Жұмағалиев өмірінің соңғы сәттері туралы деректер әлі күнге белгісіз болып қалып отыр. Осыны анықтау мақсатында Жымпиты — Орал — Мәскеу бағытында алғаш рет экспедиция ұйымдастырылғалы отыр. Соның қорытындысы бойынша деректі фильм жарыққа шығатын болады, — деді С. Тоқмамбетов.
Сырым Датұлы атындағы өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбайдың нақтылауынша, алдымен ақынның туған жері — Былқылдақ, сосын Оралда педагогикалық институт (қазір университет), Жайық пен Шағанның бойы, әскерге аттанған жері — Алматы қаласынан кадрлар түсіріледі. Содан кейін экспедиция 28 сәуір күні аттанып, Мәскеуден 108 шақырым қашықтықта орналасқан Волоколамск қалалық округіне қарасты Новинки ауылында болып, 2 мамырда елге оралмақшы.
Абдолла Жұмағалиевтің 1941 жылы 26 қазанда Новинкидегі ағаш үйдің ішінде соңғы демі қалғанша жаумен шайқасып, от ішінде жанып кеткені белгілі. Аталмыш үй сақталмаған. Орнына басқа үй салынған.
Музей меңгерушісінің айтуынша, Новинкидегі үйдің орнын волоколамскілік іздеуші Сергей Бобинов көрсетпекші.
Ресейдің «Память народа» сайтында Абдолла Жұмағалиев туралы қысқа ғана мәлімет берілген. Туған жылы, әскерге қайдан шақырылғаны, әкесі Жұмағали Көшеков, баласы мен әйелі жоқ екендігі жазылған. Бірақ қаза тапқан уақыты 1944 жыл деп көрсетілген.
— Тек бір тапқанымыз, далалық поштасының нөмірі бар. Осыны ресейлік іздеушілерге бердік. Сонымен қатар Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі орталық архивіне арнайы хат жазылды. Абдолланың соңғы шайқасы, қалай қаза тапқаны туралы мәліметтерді анықтасақ, есімін Волоколамскідегі құрмет кітабына енгізу ойда бар, — деді Kazinform тілшісіне А.Ойшыбай.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлы Жеңіске 70 жыл толуына орай БҚО-да қаһарман ақын Абдолланың 100 жылдығына арналған шаралар жалғасып жатқанын жазған болатынбыз.