Жеңістің 80 жылдығы: «Соғыстан қайтқан солдаттар» әні қалай шықты
ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақтың классик ақындарының бірі, майдангер Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңіне батысқазақстандық әуесқой композитор Темірбек Әбілхатин ән жазып, туынды кезінде кеңінен таралды.
Тарихшы, өлкетанушы, бүгінде Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған ауылында тұратын 82 жастағы Амантай Хамзин 1969 жылы аталмыш ән шыққан кезде куәгер болғанын айтады.
Еңбек ардагерінің сөзіне қарағанда, Орда (қазіргі Бөкей ордасы) ауданында туып-өскен Темірбек Әбілхатин сол уақытта Алматыдағы эстрада-цирк училищесінде, өзі Қазақ педагогикалық институтының екінші курсында оқып жүрген.
— Бір күні училищенің жатақханасына бардым. Темірбек ән шығарғанын айтып, орындап берді. Сосын пікірімді сұрады. Мен «Орыстың төсегінде жаратылған әуен екен, қазақы табиғатқа келтірсең», дедім. Дәл сол сәтте композитор Әсет Бейсеуовтің де келе қалмасы бар ма! Ол кісі менің сөзімді құптап, Қазақстан композиторлар одағында өңдеуші (аранжировщик) болып жұмыс істейтін Рахман Байқоңыровқа баруы керектігін айтып, ақыл-кеңесін берді, - дейді А.Хамзин.
Оның айтуынша, ән Р.Байқоңыровтың өңдеуімен жарыққа шықты. Республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланған кезде өлеңі Сырбай Мәуленовтікі, әні Темірбек Әбілхатиндікі, өңдеген Рахман Байқоңыров деп жазылды.
«Соғыстан қайтқан солдаттар» әні Қазақстан көлемінде кеңінен таралып, Жеңіс күні қарсаңында ұдайы орындалып тұрды.
Кейбір дерекке қарағанда, туындыны алғаш Қазақстанның халық әртісі Мұрат Мұсабаев шырқаған.
Композитордың зайыбы, Орал қаласында тұратын Клара Әбілхатина әнді өңдеген Рахман Байқоңыров екенін растады.
— Темірбек жерлес композитор Базарбай Жұманиязовпен де кездесті. Дегенмен әнді өңдеген Рахман Байқоңыров екендігін анық білемін. Ал әнді, ұмытпасам, ағайынды Ришат және Мүсілім Абдуллиндердің біреуі орындады. Кейін өзіміздің ауданда орындаушылар аз болған жоқ, - деді К.Әбілхатина.
Т.Әбілхатин (1945-2003) тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді.
Бөкей ордасында 1945 жылы 21 қыркүйекте дүниеге келген ол еңбек жолын механизаторлықтан бастаған. «Орда», «Бисен», М.Мәметова атындағы кеңшарларда, «Казсельхозтехника» аудандық бірлестігінде еңбек етті. Ұзақ жыл клуб меңгерушісі, Орда мектеп-интернатында мұғалім болды. Ауданда алғашқы отбасылық ансамбльді құрып, өнерімен де танылды.
Бөкей ордасы ауданында мәдениет саласында ұзақ жыл қызмет атқарған ҚР мәдениет қайраткері Күлән Ілиясованың мәлімдеуінше, Темірбек Әбілхатин әнді мектеп қабырғасында-ақ жаза бастаған. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде, Алматы эстрада-цирк училищесінде білім алған. Өкінішке қарай әскер қатарына кетіп, одан келген соң оқуын жалғастырмаған.
— Арнайы музыкалық білімі жоқ болса да, тума талант иесі аталған оқу орындарынан алған тәлім-тәрбиесін бар өміріне рухани азық етті. Ол домбыра, баян, пианино, гитара, скрипка, дауылпаз сынды көптеген аспапта еркін ойнайтын әрі сиқыршылық өнері де болды. Аудандық мәдениет үйінің мәдени-үгіт бригадасы құрамымен талай концертке қатысып, өз өнерін халыққа паш ете білді, - дейді К.Ілиясова.
Мәдениет ардагері «Соғыстан қайтқан солдаттар» әні 1980 жылдары радио-теледидардан жиі орындалғанын жеткізді. Соғыс көрген жандардың жүрегін шымырлатып, көзіне жас үйіретін туынды қазіргі кезде Орал қаласы мен Бөкей ордасы ауданында айтылып келеді. Сонымен қатар композитордың «Алтын алқап Нарыным», «Керзі етік туралы баллада» (өлеңдерін жазған Нұфтолла Қобланов) сияқты әндері жергілікті өнерпаздардың репертуарынан түскен емес.
Темірбек Әбілхатин әуесқой композиторлардың ІІІ байқауының құрмет грамотасымен (1989 жыл), КСРО Композиторлар одағының дипломымен (1985) марапатталды. Ал Жеңістің 50 жылдығына орай өткізілген әскери-патриоттық әндердің республикалық конкурсында «Керзі етік туралы баллада» әнімен бірінші дәрежелі дипломға ие болды.
— Әкеміздің есімін елі ұмытпаса, біз де қуаныштымыз. «Соғыстан қайтқан солдаттарды» белгілі әнші Нұрлан Өнербаев та орындады. Оның әндері әлі де айтыла береді деген сенімдеміз, - дейді Орал қаласындағы № 32 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Анар Әбілхатина.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстаннан майданға 1 200 қыз-келіншектің аттанғаны жөнінде тарихшының айтқанын жазған болатынбыз.