Жеңістің 80 жылдығына орай ел аумағында екі мыңдай іс-шара өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде екінші дүниежүзілік соғыс жеңісінің 80 жылдығын атап өтуге арналған ұлттық іс-шаралар жоспары аясында жыл бойы шамамен 2000 іс-шара өтеді. Мерекелік бағдарлама туралы толығырақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтып берді.
— Мемлекет басшысы 2025 жылдың 26 наурызда «Екінші дүниежүзілік соғыс Жеңісіне 80 жыл» мерейтойлық медалін шығару туралы Жарлыққа қол қойды. Мерекені атап өтуге арналған логотип пен брендбук әзірленіп, бекітілді. Осы айда мемлекеттік архивте «Қазақстан: бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» атты көрме және «Екінші дүниежүзілік соғыстың жаңа беттері» ғылыми-практикалық конференциясы өтеді, — деді Аида Балаева елордада өткен ардагерлер кеңесінің пленумында.
Сондай-ақ министр «Қазақфильм» киностудиясы өңірлік кинотеатрларда көрсетілімдер ұйымдастыру үшін 19 ұлттық фильмнің тізімін жасағанын айтты.
— Министрлік Жеңістің 80 жылдық мерейтойын насихаттау мақсатында медиа-жоспар аясында ақпараттық жұмысты белсенді істеп жатыр. «Qazaqstan» телеарнасында 27 наурыздан бастап «Ержүрек есімдер» жобасы көрермендерге жол тартты. Күн сайын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері туралы екі бейнеролик көрсетіледі. Жалпы саны — 80 ролик, қазір 50 ролик дайын. Ақпараттық қолдауды жүзеге асыруда барлық республикалық және өңірлік БАҚ, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер тартылып жатыр, — дейді ол.
Айта кетсек, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін әскери шеру барлық республикалық телеарна мен орталық алаңдардағы LED экрандардан тікелей көрсетіледі.
Бүгін елордада республикалық ардагерлер ұйымы кеңесінің кезекті пленумы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.