Тарихшы Дархан Ілиясовтың айтуынша, Жент қаласы шамамен X ғасырда жазба деректерге түсе бастаған. Шаһар Ұлы Жібек жолының бойында, Хорезмнен Сарысу, Торғай бойы арқылы Батыс Сібір мен Орталық Қазақстанға өтетін керуен жолдарының түйіскен жерінде орналасқан.
— Бастапқы кезеңде Оғыз қағандығының құрамындағы ірі бекініс әрі сауда нүктесі болды. Тарихта әйгілі Салжұқ империясының құрылуымен тығыз байланысты. Салжұқ бек осы қалада ислам дінін қабылдап, оны өз мемлекетінің тірегіне айналдырған. Тіпті, Салжұқ мемлекетінің негізін салушылардың бірі — Сүлеймен шахтың қабірі де осы Жент топырағында жерленген деген дерек бар. XIII ғасырдың басында (1220 жылы) Шыңғыс хан әскері Сыр бойындағы қалаларға шабуыл жасағанда Жент қаласы өзге шаһарларға қарағанда үлкен қираудан аман қалды. Моңғол қолбасшысы Жошы хан қаланы бейбіт жолмен бағындырып, өз ордасына айналдырды. Жент қаласы XIII–XIV ғасырларда Алтын Орданың Сырдария бойындағы ең ірі әкімшілік және экономикалық орталығы болды. Мұнда Алтын Орда хандарының атынан ақша (тиын) соғатын сарай жұмыс істеді. Бұл қаланың мемлекет ішіндегі қаржылық және стратегиялық қуатын көрсетеді, — деді тарихшы Дархан Ілиясов.
Ортағасырлық саяхатшылар мен географтар Жентті көркем, базары бай, жеміс-жидекке толы, айналасы құнарлы егістік алқаптарымен қоршалған үлкен қала ретінде сипаттаған.
Қалада Орта Азия, Иран, Қытай және Еуропа көпестері бас қосып, мата, қыш ыдыстар, жібек пен мал шаруашылығы өнімдерін айырбастаған. Археологиялық қазба жұмысы қыш құю, темір балқыту, зергерлік өнер мен сүйектен бұйымдар жасаудың жоғары деңгейде дамығанын көрсетті.
— Жент ислам мәдениетінің Сыр өңіріндегі басты орталығы еді. Мұнда зәулім мешіттер, медреселер мен ірі кітапханалар жұмыс істеген. Қаладан шыққан ғалымдар өз есімдеріне «әл-Дженди» деген ныспыны қосып қолданған. XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында Әмір Темірдің жорықтары, Сырдария өзенінде судың тартылуы Женттің шаруашылығы үшін ауыр соққы болып тиді. Алтын Орда ыдырағаннан кейін ішкі өзара қырқыс күшейіп, XVI ғасырға қарай қала өмір сүруін тоқтатып, қаңырап бос қалды. XX ғасырда Сергей Толстов бастаған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы қала орнында ауқымды зерттеу жүргізді. Нәтижесінде қаланы қоршаған биік дуалдар мен мұнаралардың қалдықтары, суландыру жүйелері, яғни арықтар мен каналдар, Алтын Орда дәуіріне тиесілі тиындар мен қыш ыдыстар табылды. Бұдан Жент қаласы қираған үйінділер ғана емес, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңіне дейінгі Сыр өңірінің саяси-мәдени қуатын айғақтайтын тарихи ескерткіш екенін көреміз, — дейді тарихшы.
Бұған дейін біз Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Қарақабақ қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасып жатқанын жазған едік.