Жер астында қалып қойған 80-нен астам кеншінің тағдыры беймәлім болып отыр

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Қытайда Тибет автономиялық ауданындағы алтын кен орнында лай көшкінінен жер астында қалып қойған 83 кеншінің 2-еуінің мәйіті шығарылды, деп хабарлайды 24.kz.

Әзірге шахтада қалған өзге жұмысшылар тағдыры белгісіз. Естеріңізге салсақ, таяуда кен орны орналасқан ауданда 3 шақырым аумақты 2 миллион текше метр батпақ пен тас басып қалған еді. Жер астында қалған адамдарды іздеп жатқан құтқарушыларға күн райының қолайсыздығы кесірін тигізуде. Қазір мұнда мыңдаған маман жүр. Оқыс оқиға орнында өрт сөндірушілер мен дәрігерлер де бар. Негізі Қытай тау-кен өндірісі әлемде ең қауіпті болып саналады. Жыл сайын кен орындарындағы апаттан мыңдаған кенші опат болады екен.