Жер қатынастары саласындағы жемқорлық әрекеттер бойынша 75 қылмыстық іс қозғалды - апталық брифинг

АСТАНА. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат  /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы  жылдың 6 айында қаржы полициясының қызметкерлері жер қатынастары саласындағы жемқорлықпен байланысты 75 қылмыстық іс қозғаған. Олардың  59-ы сотқа жолданды.


Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 68 пайызға көп болып отыр. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

 Оның мәліметтеріне қарағанда, осы істерге қатысты 11 адам сотталған. Ал мемлекетке келтірілген шығынның көлемі 5 миллиард 62 миллион теңгені құрап отыр. Бүгінде оның 2 миллиард 401 миллион теңгесі өтелініп, 342 гектар жер мемлекетке қайтарылған. «Аталмыш қылмыстарды іздестіру жұмыстарының нәтижесі жер қатынастары саласындағы жемқорлық әрекеттерінің басым бөлігін лауазымды тұлғалардың жерді заңсыз алып беріп немесе оны заңсыз алуға қолғабыс ету арқылы  пара алу фактісімен байланысты екендігін көрсетіп отыр. Мысалы Жамбыл облысында ормандар мен жануарлар әлемін қорғау мекемесінің директоры Т.Әжмағамбетов 1 мың гектар жерді бөліп беру үшін Д. атты азаматтан 140 мың теңге пара алғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Ақтөбе облысында Хромтау аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы С.Бұтпанов А. атты азаматтан 100 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін 3 жылын абақтыда өткізетін болады» деді ресми өкіл.