12:21, 22 Сәуір 2009
Жер қатынастарына қатысты қылмыстардың әрбір төртіншісі - парақорлық
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Жер қатынастарына қатысты қылмыстардың әрбір төртіншісі парақорлықпен байланысты. Өйткені жер шенеуніктердің қолындағы заңсыз баю құралына айналып барады», - дейді Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай.
Бұл туралы ол бүгін журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтеріне қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай қаласының әкімі 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол мақта майын өндіру цехына жер телімін беру жөніндегі мәселені шешу үшін кәсіпкерден 16 мың АҚШ доллары мен 80 мың теңге пара алған. «Осы облыста жанар-жағармай стансысын салуға жер телімін бергендігі үшін 4 мың АҚШ долларын пара ретінде алған Кентау қаласы әкімінің ісі сотта қаралуда. Алматы қалалық Жер қатынастары басқармасының сектор меңгерушісі Айқарамовқа қатысты қылмыстық іс те соттың қарауында жатыр. Аталмыш азамат Т. деген кісіні жер телімін алу үшін Жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына 40 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруге көндірген», - деді ресми өкіл. Сондай-ақ Павлодар облысында Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімінің маманы Дайыров 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол жер пайдалану құқығын жалға беру мәселесі бойынша қажетті шешім шығару үшін 30 мың теңге пара алған.