Жер қатынастарының құқықтық кеңістігі жетіле түседі

None
АНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақта ежелден келе жатқан бітпес даудың бірі - жер мәселесі болса, қазіргі заманда да қоғамда бұл салада қордаланып қалған дүниелер жетерлік.

Өркениет заманында жерге қатысты дауды шектеудің ең озық жолы -заңды қатайтып, осы төңіректегі мәселелерді құқық шеңберінде шешуді жетілдіру болып табылады. Сондықтан да, жер қатынасына қатысты заңнаманы замана тудырған соқпаққа сай жаңалап отыру биліктің басты міндеті. Өйткені арнайы жүргізілген әлеуметтік зерттеулер жер қатынасы мәселесін сыбайлас жемқорлық ең көп жайлаған нысан ретінде көрсетіп отыр. Алматы қаласының төңірегіндегі заңсыз басып алынған һәм заңсыз жеке меншікке берілген қадау-қадау жер учаскелері, өңір-өңірдегі «бармақ басты, көз қыстымен» жердің саудаға салынуы, жерге қатысты құқықтық қамтудың олқылығы бірнеше жылдар бойы көтеріліп, осыдан 3 жылдай бұрын Мемлекет басшысы деңгейінде өткен кеңесте жан-жақты талқыланған болатын. Елбасы жер қатынасын реттеуге қатысты арнайы тапсырмаларды атқарушы билікке жүктеген еді. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы кү­рес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің 2008 жыл­дың 11 сәуірде болған екінші отыры­сының шешімі негізінде арнайы заң жобасын әзірлеуге Мәжілістің бір топ депутаттары сол кезде бастамашылық жасап еді. Кейіннен дәл осындай заң жобасы Үкімет тарапынан Мәжіліске түсіп, сосын атқарушы билік пен заң шығарушылар өзара ортақ мәмілеге келіп, екі құжатағы мәселелерді бірге қамту турасында уағдаласқан. Содан бері Парламент Мәжілісінде біраз «жатып қалған» құжат 2009 жылы бірінші оқылымда, 2011 жылдың наурызында екінші оқылымда мақұлданып, өткен аптада Сенаттың отырысына шығарылған еді. Заң жобасының тұжырымдамасы мақұлданып, қазір екінші оқылым бойынша Бас комитетінің талқысында жатыр осы құжат. Жер төңірегіндегі түйткілді мәселелерді шешуге мәжілісмендер әзірлеген аталған жобаның қауқары қандай? Бұл сауалға жауап беру үшін де «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер меен толықтырулар енгізу туралы» аталатын заң жобасында қамтылған жаңалықтарға тоқталсақ.

Біріншіден, заң жобасында жерді резервке қалдыруға байланысты қатынастар бойынша құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою нормалары көзделеді. Осы мақсатта Жер кодексі жаңа баппен толығады. Онда жерді резервте қалдырудың негіздері, тәртібі және мерзімдері айқындалып, жергілікті атқарушы органдардың осы бағыттағы құзыреті қайта нақтыланады. Яғни, жаңа бапқа сәйкес, жерді резервке алу үшін жергілікті атқарушы органдарға арнайы құқық беріледі. Бұдан бөлек, нарықтық тетіктер ескеріліп, елді мекендер аумақтарын бағалай отырып, жерді аймақтарға бөлу мәселелері де ретке келтірілетін болады. Бұған сәйкес, жер учаскелерін елді мекендерде жекеменшікке беру кезіндегі олар үшін төлемақының базалық ставкаларын белгілеу жұмыстары облыстық, Астана және Алматы қалаларының өкілді және атқарушы органдарының құзыретіне жатқызылады. Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы заң нормасы бойынша ондай ставкалар тек қана Үкімет қаулысымен бекітіліп жүргізіледі. Ал заң жобасында аталған жаңа норма жер қатынастары мәсе­ле­сін­дегі бюрократизм, қа­ғаз­бас­тылық секілді кедергіні азайтады. Бұл ретте базалық төлем­дерді белгілеуді өңірлік атқарушы биліктің құзыретіне қал­дыру қарапайым халық үшін үл­кен жеңілдік болатыны сөзсіз.

Екіншіден, ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелерін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жалға беру мәселесі бойынша бірқатар нақты шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, осы санаттағы тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру тек облыстық атқарушы органның жер қатынастары жөніндегі орталық уәкілетті органнан келісімін алғаннан соң ғана жүзеге асырылатын болады. Бұған дейінгі қолданыстағы заңнамада шетелдіктерге жерді жалға беру мәселесін аудандық немесе ауылдық мәслихаттар өзара ақылдасып отырып-ақ шеше беретін еді. Сонымен қатар заң жобасындағы тағы бір норма бойынша шетелдіктерге қойылатын дәл осындай шектеулерді жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 пайыздан асатын қазақстандық заңды тұлғаларға да қолдану белгіленіп отыр. Яғни, ендігі күні шетелдіктерге жер беру мәселесі қатаң қадағаланады. «Бұған дейін де қазақтың жері анаған-мынаған кетті деген алыпқашпа әңгіме біраз болған еді. Ел де дүрліккен. Бұған қатысты айтар болсақ, Жер кодексінде шетелдіктерге жер сатуға мүлдем рұқсат берілмейді. Ал ендігі күні бұл мәселе одан сайын қатая түседі. Шетелдіктер жалға алуына шектеулер қойылады. Сондықтан да, жұртшылық арасында болатын алыпқашпа сөздерге де осы норма тосқауыл болады деп санаймыз», - дейді заң жобасына бастамашы болған Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов.

Үшіншіден, заң жобасында жеке тұрғын үй салу үшін мемлекет тарапынан берілетін тегін жер учаскелерімен сауда-саттық жасауды болғызбау мақсатында да арнайы нормалар қамтылған. Бұл да сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге арналған бап. Мәселен, баспана салуға мемлекеттен тегін жер алып, оны бірден сату, тегін берілген жерді саудаға салуды болдырмау әлгіндей учаскелерді игеру талаптарына байланысты жүргізіледі. Яғни, мемлекеттен үй салу үшін тегін жер телімін алған адам, оны тек пайдалану нысаны ретінде берілгеннен кейін ғана сата алады. «Осыған орай, кез келген азамат мемлекеттен өзіне тиесілі 10 соты жерді алып, оны бірден сата алмайды. Ал сатқысы келетін болса, оған тек үй салып барып қана, үй-жайымен бірге сата алады», - дейді Т. Сыздықов.

Төртіншіден, заң жобасында Алматы қаласында ортақ пайдалану жерлерінде, көше жиектерінде ақылы автотұрақтарды салу мәселелерін ұйымдастыру нормалары да енгізіліп отыр. Бұл да қоғам арасында көптен бері дауға айналған әрі құқықтық реттеуді аса қажет ететін норма болып табылады. Со­нымен қатар облыстың, Астананың және республикалық маңызы бар қаланың аумағындағы жерді басқа облысқа, Аста­наға және республикалық маңызы бар кез келген қалаға ұзақ мерзімді пайдалануға беруде Үкіметтің құзыреттері нақтыланды.

Бүгінгі күні заң жобасы жоғары палатаның комитеттерінде талқылануда. Ендеше, жер заңнамасын жетілдіру бағытында жаңа жоба тағы тың жаңалықтармен толығып қалуы ықтимал.