Kazinform агенттігі мәселенің мән-жайын анықтау үшін тиісті мемлекеттік органдар мен университет басшылығына ресми сауал жолдады. Оған бірінші болып жауап берген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысы Мадияр Қожахмет бұл мәселе университеттің шаруашылық қызметіне жататынын алға тартып, ЖОО аумағындағы нысан туралы пікір білдірген жоқ.
Ұлттық университет жерінен қалай айырылды
Ал университет тарапынан сауалға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің басқарма мүшесі — қаржылық қызмет жөніндегі проректор Әбдірахман Тасыбаев жауап берді. Оның айтуынша, Әл-Фараби даңғылының солтүстігінде, Есентай өзенінің батысында орналасқан, жалпы ауданы 0,7168 гектар болатын жер телімі (кадастрлық нөмірі 20-313-009-029) 1997 жылғы 30 қаңтардағы Алматы қаласы әкімдігінің № 1/149 қаулысымен жерасты автотұрағы бар бизнес-орталық салу мақсатында мемлекет мұқтажына алынған.
Тек 2020 жылдан бастап мұнда «Atlas Development» ЖШС бизнес-орталық ғимаратын тұрғыза бастады. Алайда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 9 сәуірдегі шешімімен Алматы әкімдігінің жерді мемлекет мұқтажына алып қою туралы қаулысы жарамсыз деп танылды. Яғни, жер университетке қайтарылып, жартылай аяқталған ғимарат құрылысы тоқтап қалды.
Ғимарат неге сүрілмей тұр
Бұл сұраққа университеттің өзінде жауап жоқ. Әбдірахман Тасыбаевтың сөзінше, сот шешімі тек жер учаскесіне қатысты шығарылған. Онда салынып қойған ғимаратты бұзу туралы сот міндеттемесі жоқ.
— Сот шешімінде бизнес-орталықты бұзу туралы міндеттеме жүктелгені жөнінде ешқандай мәлімет келтірілмеген. Сондықтан нысанды бұзу мәселесі мен оның әлі күнге дейін орындалмау себептерін анықтау үшін сот актілерінің мазмұнын, нысанды бұзу туралы жеке сот шешімінің бар-жоғын және оның орындалу барысын нақтылау қажет, — делінген проректор жауабында.
Құрылысы аяқталмаған нысанды алдағы уақытта университет иелігіне алып, оқу орнының игілігіне пайдалану мәселесі де әзірге ашық тұр. Проректордың жауабына сәйкес, ол үшін ең алдымен жер учаскесі мен нысанға қатысты меншік құқықтарын реттеп, ғимараттың техникалық жай-күйін бағалап, уәкілетті органдар тиісті шешім қабылдауы қажет.
Сонымен қатар ҚазҰУ жауабында ЖОО не өзге мемлекеттік органдар тарапынан нысанға қатысты сотқа тағы талап-арыз берілгені не басқа әрекет қабылданғаны туралы ақпарат берілмеді.
Kazinform тілшісі аталған нысанға барып, ондағы жай-күйді өз көзімен көріп қайтты. Байқағанымыздай, Есентай сауда орталығының жанында, Әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан жер құжат жүзінде университетке қайтарылғанымен, ондағы қоршаулар алынбаған. Қабырғасы тұрғызылып, жартылай сырты қапталған бизнес-орталыққа көше жағынан да, университет аумағынан кіре алмайсың. Ал нысанда ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.
Құрылыс құжаттары заңды түрде рәсімделген бе
Жерге қатысты қаулы жарамсыз деп танылғанымен, Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы «Atlas Development» ЖШС-ның құрылысқа арналған барлық рұқсат құжаттары болғанын растады. Оларды қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы берген:
- 2016 жылғы 9 желтоқсанда сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ) берілген;
- 2020 жылғы 22 мамырда эскиздік жоба келісілген;
- 2020 жылғы 9 қыркүйектегі сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Сонымен қатар тапсырыс беруші 2020, 2022 және 2023 жылдары құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы тиісті хабарламаларды да жолдаған.
Ведомство кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Atlas Development» ЖШС-ға қатысты Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қала әкімдігінің қаулысын жарамсыз деп тану және жер учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз бергенін мәлімдеді.
Еске салайық, былтыр экс-депутат Бақытжан Базарбек бұл жағдайға байланысты пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жекеменшікке кетіп қалған жерін мемлекетке қайтару туралы тексеріс басталып, сот шешімі шыққан. Бұрынғы меншік иелерінің шағымын Жоғары сот қараусыз қалдырып, бірінші сатыдағы соттың және апелляциялық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған.
— «Atlas Development» ЖШС-ы өзі шешуі керек. Бизнес орталықты өздері бұзу керек, не болмаса нысанды университеттің қарамағына беруі керек. Соған байланысты үндеу де жасадым. Бірақ меншік иелері ғимаратты университетке бергісі келмейді. Керісінше, Алматы қаласының жер қатынастары басқармасына ғимаратты салуға кеткен шығынды өтеуге байланысты талап қойып отыр, — деді ол.
Былтыр ұқсас жағдай Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін де болғанын жазғанбыз. Университет өкілдерінің айтуынша, заңсыз иеліктен шығарылған ЖОО жерінде құрылыс компаниясы бірнеше көпқабатты тұрғын үй кешенін сала бастаған. Кейін мұнда құрылыс тоқтатылды.