Жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай платформасы арқылы 729 лицензия берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласындағы негізгі рәсімдерді цифрлық форматқа көшіру жұмысы жалғасып жатыр. Осы мақсатта жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай платформасы дамып келеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова мәлім етті.

Фото: gov.kz

Оның айтуынша, қазір платформа арқылы 22 мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылып, қолжетімді болып отыр.

— Электронды аукциондар мен қол қою бонусын онлайн төлеу тетігінің іске қосылуы бизнес үшін артық келісу рәсімдерін азайтты. Соның нәтижесінде қағаз құжат айналымы қысқарып, қызмет алу үдерісі жеңілдеді. Бүгінге дейін 729 лицензия қашықтан, адам қатысуынсыз берілді, — деді вице-министр.

Сонымен қатар цифрландыру есеп беру саласын да қамтыған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар таратылу міндеттемелеріне қатысты есептердің 89%-ын электронды түрде тапсырған.

Айта кетейік, Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыруға 177 млрд теңге бөлінді.