деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш заң жобасы жер қойнауын пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуге бағытталады. Сонымен бірге, заң жобасы мемлекеттің, яғни жер қойнауы байлықтары иесінің мүддесін қорғауды көздейді. Бұл шара жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне жедел әрі барынша ашық бақылау жүргізу арқылы жүзеге асады. Құжат сонымен қатар жер қойнауын пайдалану құқығын беру шараларын оңтайландырып, оған қажетті рұқсат қағаздарының санын қысқартады.
Заң жобасында Үкіметтің, сондай-ақ құзіретті органның жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де мемлекеттік органдардың функциялары нақтыланып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттің басымдықтарын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның пайдалы қазбалар қорларын сараптау комиссиясының, жер қойнауын пайдалану құқығын беретін комиссияның қызметтері толық регламенттеледі. Тоқтала кететін жайт, бұндай комиссиялар бүгінгі күні нақты іс жүзінде қызмет етіп отырғанымен де, қолданыстағы заңнамада олар қарастырылмаған.
Бұдан басқа, құжат бойынша құзіретті органның құқық беруге рұқсаты қажет болмаған жағдайда жер қойнауын пайдалануға қатысты жаңа нормалар көзделген. Сонымен бірге, құжатта жер қойнауын пайдаланушыларға қазақстандық қамту бойынша қойылатын талаптар да анықталған.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар тарапынан 1 мың 700-ге тарта толықтырулар келіп түссе, оның 653-і салыстырмалы кестеге енгізілген. Құжатты қабылдау Қазақстанның жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық ахуалын жақсартады деп күтіліп отыр.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.