Жер қойнауын пайдалану құқығы «бірінші келген - бірінші алады» қағидаты бойынша беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер қойнауын пайдалану құқығы «бірінші келген - бірінші алады» қағидаты бойынша оңайлатылған тәртіппен беріледі. Бұл ретте, жер қойнауын пайдалануға берілетін аумақ үшін жыл сайын ставканы өсіру қарастылырған. Бүгін Парламент Мәжілісінде Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Нұрлан Сауранбаев осылай мәлім етті.

Еске салайық, мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өткен еді.

Министр орынбасарының айтуынша, барлауға арналған жер қойнауын пайдалану құқығын алудың оңайлатылған қағидасы Австралия, Канада, Чили, Финляндия елдерінде жүзеге асып келеді.

«Бұл сипаты жағынан аса оңай әрі төтесінен айтқанда жер қойнауына кім бірінші өтініш берсе сол жер қойнауын пайдалануға құқық алады дегенді білдіреді. Ал мұндай тәжірибені Қазақстан заңнамасына енгізсек, ол геологиялық барлау жұмысын тездетіп қана қоймай, тиімділігін де арттыра түсер еді», - деді Н. Сауранбаев. Оның сөзіне қарағанда, осы бағыттағы түзетулердi қабылдау жер қойнауын пайдалану құқығын беруге жаңа көзқарастарды үйлесімді ете түседі.

«Бұл шетел инвесторлары тарапынан сенiмнiң негiзгi шарты болып табылатын жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың тұрақтылығын қолдау мақсатында жасалып отыр. Сонымен қатар, Қазақстан ТМД-ға мүше елдер арасында мұндай қағидатты енгізетін алғашқы ел болмақшы», - дейді Н. Сауранбаев.