Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров осылай мәлім етті.
«Соңғы уақыттарда елді мекендерді сумен қамтамасыз етудегі негізгі көз болып табылатын жер асты суларының сапасы нашарлап барады. Осыған орай, жалпы алғанда табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелеріне қатысты заңдардың орындалуын қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдалану жұмыстарын жүргізуге бақылауды күшейту қажет деп ойлаймын. Оның ішінде жерасты сулардың жағдайына жүйелі режімдік бақылау жүргізу маңызды», - дейді министр Нұрлан Қаппаров.
Оның пайымынша, табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың және экожүйелерді сақтаудың жаңа бағыты - экологиялық қоныстандыруды дамыту аса маңызды. Ал бұл ретте министрдің айтуынша, экологиялық қоныстандыру - бұл жасыл технологиялы үй құрылысын, автономдық энергиямен және сумен қамтамасыз етуді, сондай-ақ қалдықтарды кәдеге жаратуды пайдалана отырып, экологиялық өмір салтына ұмтылатын тұрғындардың экологиялық стандарттар бойынша салынған ауылын немесе шағын қалаларды білдіреді.
«Бүгінгі күні байлық-дәулеттері әртүрлі мемлекеттерде салынған мыңдаған экоқоныстар өмір сүру сапасын арттыруға, жұмыспен қамту, урбанизация және қоршаған орта проблемаларын шешуге оң ықпал етіп келеді. Осы бағытты қолдау үшін халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, мемлекеттік және жергілікті деңгейлерде арнайы бағдарламалар қажет етіледі», - дейді министр.