Жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық қамтуға үлкен мән беріп, оның көлемін ұлғайтып отыруы тиіс - жауапты хатшы

АЛМАТЫ. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстандық қамтуды дамыту үшін еліміздегі 7 бірдей заңға өзгеріс енгізіледі. Қазір заң жобалары Мәжіліс қарауында жатыр. Бұл туралы бүгін Алматыда «Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімдік міндеттемелерін орындауы. 9 айдың қорытындысы» атты көшпелі кеңес барысында ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов айтты,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жер қойнауын пайдалану саласы бойынша да қазақстандық қамтуды ұлғайту мақсатында бірқатар қадамдар жасалған. Ең бастысы «Жер қойнауы байлықтары және жер қойнауын пайдалану» туралы жаңа заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр.

«Заң жобасында қазақстандық қамтуды ұлғайтуды қамтамасыз ету үшін түбегейлі өзгерістер жасалған. Бұндағы заң нормалары қазақстандық қамту бойынша келісім шарттардың орындалуын күшейтеді. Заң жобасы бойынша келісімшарттардың орындалуына жауапкершілікпен қарамаған компанияларға әкімшілік шаралардан бастап айыппұл төлету, тіпті келісімшарттарды бұзуға дейін қарастырылған. Бұл заң жобасымен қатар Елбасы жарлығы бойынша министрлік ҚР Келісімшарт агенттігімен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылар тұтынатын тауарларға мониторинг жүргізіліп отырады», дейді Қ.Сафинов.

Ол сондай-ақ бұл мәселенің  Елбасының, Үкіметтің басты назарында екендігін атап өтіп, кез-келген жер қойнауын пайдаланушы заң мен  міндеттемелерге дейін-ақ қазақстандық қамтуға үлкен мән беріп, оның көлемін ұлғайтып отыруы тиістігін айтты. Оның айтуынша, өткен жылы  жер қойнауын пайдаланушылар 22 миллиард долларға тауар сатып алған. «Ендігі мақсат осы сатып алу көлемінің басым бөлігін қазақстандық қамтуға жұмсау. Бүгінгі отырыс та, қабылдануы тиіс заң жобасы да, басқа да іс-шаралар осы бағытты күшейту мақсатында жасалуда», дейді ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы.

Соңғы уақытта Үкімет басшысының бастауымен қазақстандық қамту мәселесі бойынша еліміздің бірнеше өңірінде көшпелі мәжіліс өткізілгені мәлім. Олардың  қорытындысы бойынша триллион теңге көлемінде 1 мыңнан астам меморандум, 680 миллиард теңгелік 8,5 мың келісімшарт жасалған болатын.