Жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардағы сатып алуларда қазақстандық тауарлар мен қызметтер үлесі арта түсуде ? С.Ахметов

АЛМАТЫ. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Дәурен Жайлин/ - Үкімет жасаған Мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заң отандық кәсіпкерлерге ұлттық компаниялардың және мемлекеттік билік органдарының тапсырыстарына басымдық құқық берді.

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан National Business Forum-2009 spring жиынында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. С.Ахметовтің атап өткеніндей, Үкіметтің бұл шарасы тұтыну сұранысының төмендеуі жағдайында өндіріс қарқынын қолдауға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, оның айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың сатып алуларында қазақстандық тауарлар мен қызметтер үлесі арта түсуде. «Қазақстандық тауар үлесін арттыру саясаты қазақстандық тауар нарығында тауарларға, қызметтерге, жұмыстарға байланысты мәселелерде ірі жер қойнауын пайдаланушылар мен компаниялардың белсенді жұмыс жасауына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бүгінгі таңда 1 трлн. теңгеден астам сомаға 1300-ден астам меморандумға қол қойылды. Осы құжаттар аясында қазірдің өзінде 400 млрд. теңгеден астам сомаға 10 мыңға тарта келісімшарттар жасалды», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.