Жер қойнауын пайдаланушылардың отандық машина жасаушылардың тауарларын сатып алуы қысқарып барады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жер қойнауын пайдаланушылардың отандық машина жасаушылардың тауарларын сатып алуы қысқарып барады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: pixabay
«Мұнай-газ және тау-кен металлургиялық машина жасау секторларында сорғылар мен компрессорларды, клапандарды, бекіту арматурасын, гидравликалық және пневматикалық жабдықтарды шығару бойынша тиісті қуаттар бар. Алайда жер қойнауын пайдаланушылардан тапсырыстардың болмауы кәсіпорындардың әлеуетін тежейді. Мысалы, олардың сатып алуларында машина жасау тауарлары 54 пайызды құрайды. 2019 жылдан 2022 жылға дейін машина жасау тауарларын сатып алу көлемі жалпы осы зауыттарда 8 пайызға ұлғайған. Алайда жергілікті қамту үлесі 12,6 пайыздан 9,9 пайызға дейін төмендеген», - деді Марат Қарабаев.

Оның атап өтуінше, жағдайды түзету мақсатында осы секторды дамытудың негізгі бағыты қарсы міндеттемелерді орындау шарттарын іске асыра отырып, ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасауға негізделетін болады.

Осыған дейін машина жасауды дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатқаны хабарланды.