Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге пайдалануға беруге байласты бөлімде Жер кодексіне өзгерту енгізуді ұсынуда

АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік Жер кодексіне өзгертулер енгізу туралы ұсынысты әзірледі.

Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында жерді шетелдіктерге пайдалануға беру тұрғысындағы мәселелер қамтылған. Бұл туралы бүгін Астанада өткен алқа мәжілісінде аталған Агенттіктің төрағасы Өмірзақ Өзбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған ведомство басшысының айтуынша, Агенттік жер заңнамасының нормаларына талдау жасаған және осы жұмыстардың нәтижесі бойынша ҚР Жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныс дайындаған. Атап айтқанда, мемлекеттік қажеттіліктер үшін жерді алу тәртібін толық регламенттеу бойынша мәселе қаралған.

Сонымен бірге ұсыныстарға сәйкес мемлекеттік қажеттіліктер үшін жерді алуды реттеу мақсатында елді мекендерді, айрықша қорғалатын табиғи аумақтарды, энергетика, байланыс, көлік саласын дамытуға, сондай-ақ кен орынын пайдалану тұрғысында жерді резервтеу тәртібін бекіту қарастырылуда.

«Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін шетелдіктерге пайдалануға беру бөлігіндегі жергілікті атқарушы органдарының құзырын өзгерту бойынша, яғни, бұндай құзыр облыстық атқарушы органдарға беріледі. Аудандық атқарушы органдардың құзыреті бұл тұрғыда шектелген. Олар жер учаскесін Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттікпен келісілгеннен кейін ғана бере алады», -деді ол.

Ө. Өзбековтың сөзіне қарағанда, ұсынылған жаңартуларға сәйкес заңды тұлғаларға, яғни олардың жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі 50 пайыздан астам болса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері тек аренда шарттары бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге ғана беріледі.