Жер салығын арттыру мәселесі қарастырылып жатыр

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердің салығын арттыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров мәлім етті.

«Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымын құрылған, мүдделі мемлекеттік органдардан тұратын жұмыс тобы жер салығын арттыру жолдарын қарастырып жатыр. Осыған қатысты соңғы шешім жақын аралықта қабылданып қалуы мүмкін. Аталған шара ең бірінші кезекте жерді дұрыс пайдаланбау фактілерін жояды деп ойлаймыз», - деді Қадырхан Отарбаев.

Агенттік төрағасының айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатында жерлерді тиімді пайдалану бағытында жаңа нормалар енгізу де қарастырылған. Онда жерді пайдаланушылар тарапынан тиісті талаптар орындалмаған жағдайда жергілікті атқарушы органның олармен арада жасалған жалға алуға қатысты келісімшарттарды біржақты бұзу құқығы көзделеді. «Бұл жерді тиімді пайдалану мәселесінде басты тетікке айналуы мүмкін. Осы тетікті жүзеге асыру үшін бұған дейінгі жалға алу туралы келісімшарттарды қайта жасау қарастырылады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану жөніндегі нормалар жаңа жасалатын келісімшарттарға енгізіледі», - дейді Қадырхан Отарбаев.