Жер шарын айнала жасаған сапарымда Қазақстанды барынша таныстыруға күш салдым - саяхатшы М.Сағымбаев

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын, Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойларын кеңінен атап өтуде. Біздің еліміздің жетістіктерін әлемдік қоғамдастық мойындаған, ал Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының бірегей моделі көптеген елдерге үлгі болып отыр. Сондықтан да бүгінде Қазақстанның жетістіктерін бүкіл әлемге насихаттау барынша өзекті болып отыр.

Осы ретте ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Қазақ географиялық қоғамының мүшесі Мағжан Сағымбаев өзінің велосипедпен жер шарын айнала жасаған сапары жайында айтып берді. Ол үш құрлықтың 18 елін басып өткен болатын.

- Сіздің велосипедпен жер шарын айнала жасаған сапарыңыз таяуда ғана аяқталды. Сіздің мұндай қиын сапарға шығуыңызға не түрткі болды?

- Жер шарын айнала сапар жасау - бұл кез келген адамның арманы. Бірақ, көптеген адамдар бұл арманын жүзеге асыруға батылы жете бермейді. Олар жүрек қалауына мойынсұнып, суретші, фотограф немесе өз ісін ашқанның орнына жан дүниесі қаламайтын жұмысына баруын жалғастыра береді. Саяхатқа шығудың орнына диванда жатқан адамдар да қаншама.

Көпшілігі уақыт әлі жеткілікті деп ойлайды. Алайда, көзге көрінбейтін уақыт шылбыры оларды тұсаулап, күнделікті міндеттері мен жұмысына жегіп қояды. Міне, осылайша уақыт бір сәтте-ақ құмға сіңген судай жоғалады. Ал мен жолға болашақта мүмкіншіліктерімді жіберіп алғаныма өкініп, бармақ тістемеу үшін шықтым.

Өткен жылдың 1 мамырынан ағымдағы жылдың 16 мамырына дейін мен Еуразия, Солтүстік Америка, Австралияның 22 елінде болып, 40 мың шақырым жолды артқа татстадым. Жалпы, бұл менің алғашқы саяхатым емес. Бұған дейін мен жол бойында көліктермен Ресей, Солтүстік Осетия, Грузия, Армения, Украина, Молдова және Түркия елдерінде болып, 20 мың шақырым жол жүрген едім.

- Есіңізде қай ел жақсы сақталып қалды?

- Әрбір елдің өз ерекшелігі, өз тарихы бар. Маған бәрінен бұрын Иран қатты ұнады. Түрлі пікір қарама-қайшылығына қарамастан Иран саяхаттау үшін барынша қауіпсіз, қызықты әрі ыңғайлы ел. Әрине, елдегі саяси және экономикалық ахуал туристік салаға да әсер ететіндігі сөзсіз. Көптеген сәулет ескерткіштері қираған. Қалған басым бөлігі қайта жаңғыртылу үстінде. Үкіметтік шектеулер мен халықаралық санкциялар саяхатыңда біраз қиындыққа ұшыратады.

Сондықтан да бұл елде шетелдік саяхатшылардың қатары сирек. Бірақ, дәл осы жайт жергілікті тұрғындардың достық пейілін, қонақжайлығын толық көлемде сезінуге мүмкіндік береді. Бұл санаулы ғана қаржыға өмір сүруге, ары-бері жүруге мүмкіндік жасайды. Ал көптеген тарихи ескерткіштер Иранды Таяу Шығыстың «маржанына» айналдырады.

- Шетел тұрғындары Қазақстан жайында біле ме? Жалпы олардың біздің еліміз жайындағы түсініктері қандай? Егер сізден Қазақстан жайында сұрайтын болса, бірінші кезекте не жайында айтар едіңіз?

- Менің түсінгенімше, алыс шет елдерде Қазақстан жайында көп ештеңе білмейді деуге болады. Бірақ, көпшілігі біздің елімізді спортшыларымыз «Астана» велокомандасы, Геннадий Головкин, Мақсұт Жұмаев, Жансая Әбдімәлік, Зарина Дияс және басқа да байрақты бәсекелелерде топ жарған саңлақтарымыздың жарқын жеңістері арқылы біледі. Өйткені, спортшы құрмет міндетіне көтерілгенде ту көтеріліп, сол елдің әнұраны ойналады. Осыдан кейін адамдардың қызығушылығы оянып, жеңімпаздың қай елден екендігін білуге ынтасы артады.

Әрине, мен де велосипедпен саяхаттап жүргенімде белгілі бір деңгейле елімнің елшісі болдым десем артық емес. Жергілікті тұрғындармен әңгімелесуім барысында мен әр уақытта да Қазақстан жайында айтып, еліміздің сұлу табиғатының, таулары мен байтақ даласының суреттерін көрсететінмін, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын айтып беретінмін.

- Алда қандай саяхатқа және қандай көлікпен шығу ойыңызда бар?

- Мен таяуда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақ географиялық қоғамы ұйымдастырған «Ұлы дала елі» экспедициясынан оралдым. Экспедиция Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған. Бұл біздің еліміздің тарихындағы өте маңызды дата деп білемін.

Осы уақытқа дейін әлемнің 22 елінде болып, көптеген қалаларды көрдім. Ал бұл жолы туған отанымның барлық келбетін тамашалауға, оның тарихын тереңірек білуге зор мүмкіндік туды.

Ендігі арманым - бүкіл Қазақстанды осыдан бірнеше ғасыр бұрын көшпелі ата-бабаларымыздың жолымен атпен немесе түйемен аралап шығу. Біздің ата-бабаларымыздың саяхат барысында қандай көңіл-күйде болғанын сезінгім келеді. Барлық 14 облыста болып, Қазақстанның барлық келбетін фильм арқылы шетелге паш ету басты мұратым болып отыр.

- Жасаған саяхатыңыз жайында кітап жазу жоспарыңызда бар ма?

- Иә, бұл жайында бұған дейін де ойланған едім. Ал ендігі уақытта Қазақ географиялық қоғамының мүшесі болғаннан кейін бұл жоспарымды ішкі туризм бойынша жобалардың аясында жүзеге асырғым келеді. Уақытым болған сәтте міндетті түрде кітап жазуға кірісемін. Көптеген естеліктерім, жолжазбаларым, суреттерім бар. Ендігі уақытта оны барша қазақстандықтармен және басқа да елдердің тұрғындарымен бөліспек ниеттемін.

- Сұхбатыңызға рахмет!