Жер шарын айналатын Golden Globe Race жарысында алғаш рет әйел адам жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оңтүстік Африка Республикасының өкілі шкипер Кирстен Нойшафер яхтамен жер шарын айналатын Golden Globe Race 2022 жеке жарысында жеңген әлемдегі алғашқы әйел атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Фото: LOIC VENANCE

Ол 235 күн уақытын порттарға кірмей, теңізде өткізіп, бейсенбі күні финишке жетті.

Кирстеннен кейінгі қатысушы, үндістандық шкипер Абхилаш Томи Кирстен финишқа жеткен кезде одан 185 шақырымнан аса қашықтық кейін келе жатқан.

Бұл 30 мың теңіз милясын жүріп өтетін жарыс үшін көп арақашықтық емес, бәсеке өте жоғары болды.

Кирстен көп жылдан бері яхтингпен айналысады. Кемемен түрлі бағыттарға, оның ішінде жалғыз да сапар шеккен.

Ол деректі фильмнің түсірілім тобымен бірге желкенді қайықта Антарктидаға барған.

Сондай-ақ велосипедпен де саяхаттайды: 22 жасында Кирстен бір жыл ішінде шамамен 15 мың шақырым жүріп өткен.