Жер шарын жүзіп өтпек болған британдық саяхатшы өлім аузынан қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер шарын жүзіп өтпек болған британдық яхташы Эндрю Халкроуды Чили флоты ажалдан аман алып қалды.

Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлайды. Журналистердің деректеріне қарағанда, 8 наурыз күні 54 жастағы Халкроу Пунта-Аренастың батысында 440 шақырымда жерде жүзіп бара жатқан кезінде штормға тап болған көрінеді. Яхтасының мачтасы сынып, көмек сұраған. Чили билігі саяхатшыға шұғыл тікұшақ жіберіп, оны ажалдан аман алып қалды. Халкроу Чили флотына алғысын білдірді, қазіргі уақытта көңілі орнына түскен, өзін сергек сезінуде.

Айта кетер жайт, бұл оның жер шарын араламаққа талпынған екінші әрекеті. Алғашқысы 2006 жылы болған еді. Саяхатшы Австралиядан 550 шақырымдай жерде жүзіп бара жатқан шағында кенеттен асқазаны ауырып, сапарын тоқтатты. Онда да құтқарушылар тікұшақпен дер кезінде ауруханаға жеткізген еді, деп хабарлайды РБК.