Жер сілкінісі - климаттың өзгеруінің салдары - «Табиғат» одағының төрағасы М.Елеусізов

АНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Жер сілкінісі - климаттың өзгеруінің салдары. «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы,

ҚР Президенттігіне кандидат Мэлс Елеусізов бүгін өз штабында «Климаттың өзгеруі және оның салдары» деген тақырыпта өткен конференцияда осындай пікір айтты.

Кеше, 11 наурызда Жапонияда болған қуатты зілзалаға қатысты пікірін білдірген М.Елеусізов, су тасқыны, дауыл, жер сілкінісі және т.б. сол сияқты табиғат апаттары климаттың өзгеруінің салдары екенін мәлім етті. «Бізді де күрделі проблемалар күтіп отыр, оларды тек Қазақстан болып қана емес, бүкіл әлем болып шешу керек», - деді М.Елеусізов өз сөзінде.

«Халық экологы» сондай-ақ Айдың біздің ғаламшарымызға тигізетін әсеру туралы да ескертті. Оның айтуынша, келесі аптада Ай Жерге жақындай түседі және осы құбылыс Жер бетіндегі түрлі табиғи үдерістерге әсерін тигізуі ықтимал. Осындай құбылыс орын алған бұған дейінгі жылдары метеорологтар ауқымды төтенше табиғи апаттарды тіркеген болатын.

«Бізде, үлкен экологиялық проблемаларды шешу үшін, небәрі 20 жыл уақытымыз ғана бар. Жер сілкінісі - климаттың жылынып кетуінің салдары. Жер температурасы қазірдің өзінде жарты градусқа көтерілген. Егер 3 градусқа дейін көтерілсе, адамзат тұқымымен жойылып кетуі мүмкін», - деді эколог.

Кандидаттың пікірінше, жылымық проблемасын шешу үшін көміртегі газының атмосфераға шығарылуын қысқарту керек. Сондықтан да М.Елеусізов қазақстандықтарды 20 наурызда көшеге шығуға және ағаш көшеттерін отырғызуға үндеді.