Жер сілкінісінің ошағы тереңдеген сайын оның қуаты да арта түседі - ғалым пікірі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Жер сілкінісінің ошағы тереңдеген сайын оның қуаты да арта түседі. Бұл туралы бүгін Алматыда Халықаралық «Шекарасыз жер сілкінісі» жобасы аясында өткен ашық ғылыми дәріс барысында Кембридж (Ұлыбритания) университетінің профессоры Джеймс Джексон мәлім етті.

Оның айтуынша, Тянь-Шань тау тізбегінде әдетте жерасты дүмпулерінің ошақтары тереңде орналасқан. Демек, бұл аймақта күшті жер сілкінісінің болуы ықтимал.

«30-40 шақырым тереңдіктен шығатын жер сілкіністерінің қуаты жойқын болып келеді. Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Бұл жерде жер сілкінісіне дайын болу, оның табиғатын түсіну үшін жаңа әдістерді, технологияларды қолдану аса маңызды. Әсіресе ғарыштық технологияға арқа сүйеуге болады. Әрине, жер сілкінісі тектоникалық жарылымдардың қозғалысынан туындайды. Сол жарылымдарда жер қыртысының бір жағы төмен түсе, екінші жағы жоғары көтеріледі. Міне, жер сілкінісінен кейін өзгеріске ұшыраған жер бедерін жер серігіне орнатылған радарлық технология арқылы терең зерттеп білуге болады. Бұл зілзаланың табиғатын ұғынуға көп септігін тигізеді», - деді өз сөзінде ғалым.

Ашық дәріске ғалымдар мен студенттер, геология және сейсмология саласының мамандары қатысты.

Ашық дәрісті өткізудегі басты мақсат - зілзаланың қауіптілігіне жұртшылық назарын аудару және аталмыш халықаралық жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына жас мамандарды көптеп тарту.