Жер сілкінісінен кейін Жамбыл облысында жедел штаб құрылды

Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі

ТАРАЗ. KAZINFORM – Сейсмикалық белсенділікке байланысты Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінде дереу облыстық жедел штаб құрылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бүгін Астана уақыты бойынша сағат 14:30-да Жамбыл облысы аумағында магнитудасы 5,5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Эпицентрі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 334 шақырым жерде орналасқан. Жерасты дүмпулері бірнеше елді мекенде сезілді, күші 2-ден 6 баллға дейін жетті. 

Фото: Жамбыл облысы ТЖД

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті дереу облыстық жедел штаб құрды. Оның міндеті – қызметтердің жұмысын үйлестіру, ақпарат жинау және ықтимал салдарға дайындық. Штаб құрамына ТЖД, полиция, медицина, энергетика, көлік, білім және басқа да қызметтердің өкілдері кірді. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданы мен Меркі ауданында аудандық штабтар бар. 

Сенім телефоны ашылды, оған сағат 17:00-ге дейін 24 қоңырау түсті. Сондай-ақ ТЖД психологтары адамдарға көмектесіп, кеңес береді. 

Фото: Жамбыл облысы ТЖД
Фото: Жамбыл облысы ТЖД

Құтқарушылар мен жергілікті билік елді мекендерді тексеруді жалғастырып жатыр. Барлық маңызды нысан, жолдар мен кәсіпорындар қалыпты жұмыс істеп тұр. 

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды ресми ақпаратқа құлақ асуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында жер сілкінісі тіркелгенін жазған едік.