Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, аталған заң жобасында ономастика жұмысының ерекшеліктері толық айқындалды. «Ономастика ұлттық тіл, ұлттық мүдде, ұлттық рухани құндылықтар секілді сырттан таңылатын өзгерістерге төзе бермейді. Жер-су, әкімшілік бірліктердің ежелден қалыптасқан, сақталған атаулары тарихтың қария-шежіресіндей. Сондықтан оларға енгізілетін әр өзгеріс тарихты қайта редакциялау секілді қабылданады»,- дейді А. Смайыл.
Оның сөзіне қарағанда заң жобасымен алғаш рет ономастика жұмысының өлшемдері айқындалды. «Бұдан бөлек, алғаш рет мәслихаттардың ономастикалық комиссиялар шешімімен келісулері қамтылып отыр. Бұл да үлкен маңызға ие мәселе», - деді А. Смайыл.