Жер телімдері алаяқтардың басты нысанына айналып отыр ? қаржы полициясы

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Соңғы уақытта еліміздегі жер телімдері алаяқтардың қылмыстық әрекеттерінің нысанына айналуда», -

дейді Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай. Бұл туралы ол бүгін журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның деректері бойынша, қазір Алматы облысында «Алтын ұя» акционерлік қоғамының жалған шешімдері негізінде жер телімдерін сату арқылы азаматтардың ақшаларын жымқырумен айналысқан бұл ұйымның жолы кесілген. «Тексерулер кезінде аталмыш фирманың кеңсесінен 307 жалған мемлекеттік акті мен Қарасай ауданы әкімдігінің азаматтарға жер телімдерін беру туралы қаулыларының көшірмелері табылды. Бұл іс бойынша ұйымдасқан топтың 5 мүшесі қамауға алынып, 1-іне іздеу салынды», - дейді ресми өкіл. Сонымен қатар Астана қаласында Үмітбекованың мүлкі тәркіленіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол өзін көпшілікке арнайы дипломы бар халық емшісі ретінде таныстырып, 15 түрлі іс бойынша алаяқтық әрекетке барған. «Олардың басым бөлігі жер телімдерімен байланысты. Бұл қылмыстық әрекеттер арқылы азаматтарға 34 миллион теңгеге шығын келді», - деді М.Жұманбай.