Жер телімі мемлекетке қайтарып алынғанда өтемақы қалай төленеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен брифинг барысында қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Қанат Базарбаев мемлекет қажеттілігіне жері алынып жатқан азаматтарға өтемақы төлеу тәртібі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда мемлекет қажеттілігіне кейбір жер телімдері қайтарып алынады. Бұған дейін жер телімінің кадастрлық құнына сәйкес немесе сот шешімімен тағайындалған өтемақы құнына орай немесе тараптардың келісімімен есептелетін», - деді брифинг барысында Қанат Базарбаев.
Оның айтуынша, Жек кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес, бұдан кейін меншік иесіне берілетін өтемақы жердің нарықтық құны бойынша есептеледі.
«Учаскенің құнын бағалайтын тәуелсіз бағалаушылар анықтайтын болады. Меншік иесі онымен келіспесе, сотқа жүгінуі керек», - деді Қанат Базарбаев.
Сонымен қатар, егер аталған учаске үшін өтемақы төленіп қойса немесе келісімшарт жасалып қойған жағдайда жаңа Жер кодексінің нормалары жүрмейді.
Айта кету керек, Алматыда мемлекет қажеттілігі үшін қайтарылып жатқан жер телімдері көп. Наурызбай және М.Әуезов аудандарында БРТ, ЛРТ, жол желілерін салуға көптеген жер телімдерінің иелерімен келіссөз жүргізіліп жатыр.