Жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы деректер біріктіріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бос жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы деректер біріктіріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлерге жер бөлудің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттер аясында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Парламентке енгізілді. Сондай-ақ бос жер учаскелері, жылжымайтын мүлік нысандары туралы қолда бар деректерді бірыңғай дерекқорға біріктіру жоспарлануда», - деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы бойынша бытыраңқы ақпаратты Бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру жұмысы басталды.

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, тиісті жол картасы әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ осы мәліметтердің әзірлігіне қарай су ресурстары бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен ықпалдасу жоспарланып отыр», - деді ол.