Комитет төрағасының айтуынша, бүгінгі күні Парламент Мәжілісіне жер қатынастарын реттеу мәселесіне арналған заң жобасы енгізілген. «Онда бірқатар мәселелер қарастырылып отыр. Біріншіден - жер учаскелерін дұрыс пайдаланбағандар мен жерді теріс мақсаттарға пайдаланып отырғандардың реестрі түзіледі. Бұндай реестрді құру мен оны енгізу негізінен заң талаптары мен нормаларын бұзушылардың алдын алуға бағытталады. Ал реестрге енген тұлғаларға одан кейінгі уақыттарда жер учаскелерін беруде шектеулер қарастырылуы мүмкін», - дейді Б. Смағұлов. Оның сөзіне қарағанда, бұндай тізілім мемлекеттік сатып алуларға жауапсыз қарағандардың реестріне ұқсас, орталықтандырылған жүйе бойынша жүзеге асатын болады.
«Бұдан бөлек, заң жобасымен жер учаскелерінің иелері мен жерді пайдаланушылар үшін келісімшартта қарастырылған ереже мен шарттар орындалмаған жағдайда әкімдіктер біржақты тәртіппен ондай келісімшарттарды бұза алатын болады. Сонымен қатар, заң жобасындағы нормаларға сәйкес, пайдаланылмаған немесе заң талаптарын өрескел бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерін мәжбүрлі түрде алып қоюдың жаңа тәртіптері бекітіледі», - дейді комитет төрағасы.