Жер үйді сақтандыру міндетті бола ма
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026 жылдан бастап тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесі енгізілуі мүмкін. Қазір баспананы сақтандырудың ерікті түрі ғана бар. Ерікті болғандықтан екінің бірі үйін жеке компанияларға сеніп сақтандыруға дайын емес. Мемлекет осы жүйені жетілдіруді көздеп отыр.
Ресми дерекке сүйенсек, ел аумағының 75%-ы жер сілкінісі, тасқын, орман өрті сияқты табиғи апаттар қаупі жоғары аймаққа жатады. 2024 жылы төтенше жағдайлардан келген шығын 460 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 2,6 есе өскен. Соған қарамастан, еліміздегі тұрғын үй қорының небәрі 3,2%-ы ғана сақтандырылған. Сейсмикалық белдеуде делінетін Алматының өзінде бұл көрсеткіш – 7,7%.
Ерікті сақтандырудың өзі ипотека үшін ғана
Қазіргі заң бойынша тұрғын үйді сақтандыру мүлікті ерікті сақтандыру тәртібімен іске асады. Жұмыс істеп тұрған 25 сақтандыру ұйымының 15-інде ғана тиісті лицензия бар. Көп жағдайда азаматтар сақтандыруды банктің талабы бойынша рәсімдейді, әсіресе ипотека алғанда осылай. Мұндай шарттардың 96%-ы банк талабымен жасалады, ал шынымен сақтық үшін деп сақтандыруға жүгінетіндер тым аз.
Ерікті сақтандырудың артықшылығы таңдау еркіндігінде. Азамат тек өрт, су басу сияқты апаттар мен бөгде адамдардың әрекетінен ғана емес, барлық мүмкін қауіп-қатерден сақтандыру функциясын таңдай алады. Бағасына қарай ауқымы құбылып отырады.
Сақтандыру құнына не кіреді?
- Баспана құны – қымбат мүлікке сақтандыру төлемі де жоғары.
- Аймақтың қауіптілік деңгейі – сейсмикалық қауіп бар өңірлерде тариф жоғары.
- Үйдің салынған жылы мен техникалық жағдайы.
- Сақтандырудың көлемі – базалық немесе кеңейтілген полис.
- Франшиза – төтенше жағдайда өз есебінен жабылатын сома.
Мысалы, нарықтық құны 30 млн теңге болатын пәтерге сақтандыру жылына 24 мыңнан 90 мың теңгеге дейін жетуімүмкін.
2026 жылы не өзгереді?
Үкімет әзірлеп жатқан заң жобасы бойынша, 2026 жылдан бастап бүкіл тұрғын үй иелері үшін табиғи апаттардан міндетті сақтандыру енгізіледі.
Жүйе қалай жұмыс істейді?
- Мемлекеттік сақтандыру ұйымы (МСҰ) оператор ретінде жұмыс істейді. Бұл сақтандыру қорының өзін халықаралық деңгейде сақтандыруға мүмкіндік береді.
- Жылдық төлемнің мөлшері мүлік салығына байланысты болады – базалық жарна – 1 000 теңгеден 20 000 теңгеге дейін.
- Бұл жарна аймақтың қауіп-қатер деңгейіне қарай өзгеруі мүмкін.
- Жер сілкінісі мен өртке төзімді етіп салынған баспанаға жеңілдетілген жарна қарастырылған.
Мемлекет әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жарнаны толық немесе ішінара өтеп береді.
Сақтандыру шарты қандай қатерлерге жүреді:
- Жер сілкінісі
- Тасқын
- Сел
- Табиғи орман өрті.
Сақтандыру не береді?
Апат болған жағдайда бастапқы кезеңде жедел көмек ретінде өтемақы қарастырылған. Мөлшері – төлеген жарнаның 500 есесі.
- 1 000 теңге төлегендерге – 500 000 теңге,
- 20 000 теңге төлегендерге – 10 млн теңге.
Бұл жүйе кейін үйді жөндеу мен жаңа баспана алуға мүмкіндік береді.
Баспананы міндетті сақтандыру қай өңірлерге ауадай қажет?
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша елде сел мен тасқын қаупі бар 2 республикалық маңыздағықала мен 6 облыс бар.
Сейсмикалық қауіп бар аймақтар – 2 қала мен 13 облыс;
Қауіп деңгейі төмен өңірлер: Астана қаласы, Ақмола, Қостанай, Павлодар және СҚО.
Айта кетсек, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев табиғи апаттар тәуекелдерін басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өткізді.