Жер үйлерді су баспау үшін ауладағы қарды тазалау керек - Астана әкімдігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астанада жыл басынан бері 3 млн текше метрден астам қар жиналып, қала сыртына шығарылды. Қазіргі таңда коммуналдық қызметтер тәулік бойы қар тазалаумен айналысып жатыр. Өткен тәулікте 30 мың текше метрден астам қар шығарылды», - деп мәлімдеді Астана қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, әкімдікте су тасқынына қарсы шаралар бойынша арнайы кешенді жоспар бекітілген. Жоспарға сәйкес, қазіргі уақытта Астанада су тасқыны қаупі бар 27 орын белгіленген. Бұл орындар әкімшіліктің жіті назарында. Қала бойынша жағдай тұрақты.

Сонымен бірге, Э. Жүргенбаева өткен аптада қар аралас жаңбыр жауғанда Астанадағы бірнеше үйдің су басуына қатысты пікір білдірді.

«Су басқан жер үйлерді әкімдіктің қызметкерлері тексерді, олар өз аулаларынан қарды шығармаған болып шықты. Сондықтан, Астана қаласының әкімдігі жер үй ауласындағы қарды шығару қажеттігін тағы да ескертеді. Ауа райы жылынып, еріген қар суы тұрғын үйге жетуі мүмкін. Көшеге шығарылған қар тазаланбаған жағдайда 109 қызметіне хабарласып, шағым түсіруге болады», - деп жауап берді баспасөз хатшысы.

Фото: om-saratov.ru