Жер жүзінде 4 дүркін Олимпиада чемпионы атанған алғашқы зілтемірші болуды армандаймын - Илья Ильин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Оқушылар сарайында Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, Әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы қазақстандық зілтемірші Илья Ильин кішкентай балалармен кездесіп, өз армандарымен бөлісті.

«Қазіргі кезде мен өзіме үлкен жоспар қойып отырмын. Рио-де-Жанейро-2016 олимпиадасында алтын алу. Онда қарсыластардан озу үшін жеңіске және өз жұмысыңа көп мән беру керек. Жоспарларыңды айқын көруің шарт. Кемшіліктеріңді басымдыққа айналдырып отыру қажет. Онымен қатар білім алу, жұмыс, жаттығу және өзге де жоспарлар бар. Рио-де-Жанейрода біз барлығын әдемі, ойлағанымыздай істейміз деп ойлаймын», - деді И.Ильин.

Сонымен қатар атақты чемпион балақайларға арманға қол жеткізудің сырымен де бөлісті.

«Қызылордада № 198 мектепте оқыған қарапайым баладан әлем рекордтарын жасайтын чемпион шықты. Барлық адамдар осындай жетістіктерге жете алады. Бойыңда өзіңе тән дарын бар. Соған сенсеңіз болғаны. Өз дарынын таба алмай жүргендер де бар, ол мақсатыңа байланысты. Жүректің түбіне терең бойласаңыздар, үлкен мақсаттарыңызды табасыздар. Мен, мысалы, Қызылордада Сырдария бойындағы Қорқыт Атаның ескерткіші жанында түнгі аспанда ағып құлап бара жатқан жұлдыздарға қарап армандарымды айтатынмын. Сол армандардың жолында тер төгіп, оның орындатып келемін. Ересектер мен балаларға айтарым, ол армандар орындалады. Олар біздің бойымызда және біз олардың өмірде орындалуына қолдан келгенімізді жасай аламыз. Өзіңе қатты сенсең болғаны», - деп атап өтті.

Сөз соңында екі дүркін олимпиада чемпионы болашақта тағы екі олимпиада алтынын алуды армандайтындығын, оған жету үшін барлық күшін сарп ететінін жасырмады.

«Менде бірқатар мақсаттарым бар, олар жинақтала келе бір арман құрайды. Мен 4 мәрте Олимпиада чемпионы атанғым келеді. Мұндайға бірде-бір адам әлемде қол жеткізбеген. Бұл - менің ең үлкен арманым», - деп түйді ойын И.Ильин.