Жерар Гоудың бас киімін ұрлаған 15 жастағы атыраулық болып шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Кот-д-Ивуар елінің азаматы Жерар Гоудың бас киімін ұрлаған Атырау қаласының 15 жастағы тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 6 мамыр күні қалың жанкүйердің көзінше белгісіз біреу «Қайрат» ФК-ның шабуылшысы Жерар Гоудың басынан қалпағын жұлып әкетті. Футболшының бас киімінің ұрланғанын көпшілік әлеуметтік желілер арқылы білді.

«Зардап шегушіден бас киімінің ұрланғаны туралы арыз түспесе де,  №1 қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері тексеруді бастады. Видеоға түсіп қалған ұры анықталды. Ол 15 жастағы жеткіншек. Бірақ одан бас киімді алу мүмкін болмады. Істеген ісінен қорыққаннан оны бірден лақтырып жіберді. ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы, 1-бөлімі бойынша  соталды тергеу жүргізілуде», - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Мәлім болғандай, жасөспірім бұған дейін жауапкершілікке тартылмаған. Дегенмен де, ол ювеналды полицияның тіркеуіне алынды. Қарау және шешім шығару үшін материал Атырау қаласы әкімінің жанындағы кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданды.