Оның айтуынша, жобалар жерасты су қорларын зерттеу, қайта бағалау және нақтылауға бағытталған.
– 2026 жылдың соңына дейін жерасты суларын іздеу және бағалау бойынша 38 жобаны іске асыру жоспарланған. Оған 525,8 млн теңге қарастырылған. Осы жұмыстар аясында жерасты су қорларын қайта бағалау және нақтылау үшін 28 жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Жетісу облысында пайдалану қорларын қайта бағалау және растау бойынша үш жобаны аяқтау көзделген, – деді Талғат Момышев.
Вице-министрдің мәліметінше, алдағы үш жылда жерасты суларын іздеу және бағалау бойынша 88 жоба іске асырылады. Оның 15-і 2027 жылға, 38-і 2028 жылға, 35-і 2029 жылға жоспарланған.
Осы жобалар аясында іздеу-барлау және қосымша барлау жұмыстары жүргізіліп, жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленеді.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде жерасты суларын басқарудың жаңа тұжырымдамасы қабылданатыны хабарланған еді.