Жерасты суларын кешенді пайдалану тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Жерасты суларын кешенді пайдалану тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

— Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстан Республикасының жерасты суларын кешенді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеуді бастады. Ол ұзақ мерзімді басымдықтарды, жерасты суларын экономикаға тарту тетіктерін, экологиялық және шаруашылық мүдделер теңгерімін, сондай-ақ қаржыландыру көздері мен көлемін айқындайды, — деді Үкімет басшысы.

Оның мәліметінше, 2026 жылғы 13 ақпанда Қазгидрогеология ғылыми қоғамдастық өкілдерімен және өңірлік гидрогеологиялық ұйымдардың басшыларымен «2027-2040 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы жерасты суларын кешенді пайдалану және басқару тұжырымдамасы» жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізді.

— Іс-шара барысында құжаттың әрбір бөлімі бойынша келісілген тәсілдер әзірленіп, сарапшылар қауымдастығының ұсыныстары жинақталды. Саланы дамытудың басым бағыттары айқындалды және жерасты су ресурстарын басқаруға кешенді әрі ғылыми негізделген тәсілдің қажеттілігі расталды, — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, елімізде барланған жерасты суларының 3,5 пайызы ғана пайдаланылады.