– Күтпеген жағдай болды деуге болады... Бір сағатқа жетер-жетпес уақыт бұрын G2 деңгейіндегі планеталық магниттік дауыл басталды, – делінген зертхананың Telegram арнасындағы хабарламада.
Бұған дейін мамандар Күндегі тәждік тесіктен тараған күн желінің ағыны геомагниттік ауытқулар туғызады деп болжағанымен, магниттік дауыл деңгейіне жетпейді деп есептеген. Алайда Жердің магнит өрісіндегі белсенділік күрт күшейген.
G2 деңгейі бес сатылы шкала бойынша орташа күшті магниттік дауылға сәйкес келеді. Оның себебі – Күн тәжіндегі тәждік тесік. Бұл – ғарышқа жылдамдығы жоғары күн желі таралатын аймақ. Күн желі Жерге жеткенде магнитосферамен әрекеттесіп, геомагниттік ауытқулар тудыруы мүмкін.
Дауыл басталғаннан кейін полярлық шұғыла байқала бастаған. Зертхана мәліметінше, Ресей аумағында оның ең жоғары қарқындылығы тіркелген.
Ғалымдардың бағалауынша, тәждік тесік алдағы 2-3 күнде ғарыштық ауа райына әсер етеді. Алайда G2 деңгейіндегі магниттік дауыл осы кезең бойы үздіксіз сақталмауы мүмкін. Геомагниттік белсенділік күн желінің сипаттамаларына қарай өзгеріп отырады.
Күндегі тәждік тесіктердің әсерінен болған магниттік дауылдар биыл жазда да тіркелген. Шілдеде геомагниттік белсенділік G1 деңгейіне жетсе, қазанда Жерді одан да күшті G3 деңгейіндегі дауыл басып, жарқын полярлық шұғылалар байқалған.
Айта кетейік, магниттік дауылдардың адам денсаулығына әсері жөнінде ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Дегенмен медицина мұндай құбылыстар қан қысымының көтерілуіне, бас ауруына, жұмыс қабілетінің төмендеуіне, мазасыздыққа және аллергияны қоса алғанда, созылмалы аурулардың асқынуына әсер етуі мүмкін екені жоққа шығармайды.
Еске сала кетсек, 28 қазанда алдағы күндері Жерде магниттік дауыл болуы мүмкін екенін хабарлап едік.