Құжатты таныстырған Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қадырхан Отаровтың айтуынша, аталған норма жер учаскесін пайдалану туралы ережені бұзған тұлғаларға үш жыл бойына жерді қайтара бермеуге әкеп соқтырады. «Өз кезегінде алынған жерлер қайта айналымға оңай түсіп, жерді дұрыс пайдаланатындарға ұсынылатын болады. Өйткені, жерді пайдалану заңнамасын бұзушылар реестрінің тізімінде белгілі бір уақыт бойынша тұрады. Жалпы бұндай мәліметтер базасын құру және жүргізу мемлекеттік сатып алуларды дұрыс атқармайтындардың тізіліміне ұқсас етіп жүргізілуі мүмкін», - деді Қ. Отаров. Оның пайымынша, бұндай реестр аумақтық жер инспекцияларымен автоматтандырылған ақпараттық мәліметтер базасы арқылы жүргізіледі.
12:39, 28 Ақпан 2013
Жерді дұрыс пайдаланбай отырғандардың реестрі түзіледі - Қ. Отаров
АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Жер учаскелерін дұрыс пайдаланбай отырғандардың, сондай-ақ жосықсыз жер иеленушілердің реестрі түзіледі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.